Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі АҚ «KMF Банкке» банк операцияларын жүргізуге лицензия берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл – еліміздегі екінші деңгейлі банктердің саны 23-ке жеткенін білдіреді. «KMF Банк» 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан микрокаржылық ұйым KMF негізінде құрылды.
2025 жылғы 1 тамыздағы мәліметке сай, KMF активтері 395 млрд теңге, ал несие портфелі 315 млрд теңге болды. Қаражаттың 90 пайыздан астамы шағын және орта бизнесті, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған. Компанияның клиенттері – 275 мыңнан астам адам.
Лицензия банктің заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, шоттар ашу және жүргізуге, қолма-қол және аударым операцияларын жүзеге асыруға, несие беруге, валюта айырбастауға және банк кепілдіктерін ұсынуға құқығы бар екенін айғақтайды. Жеке тұлғаларға қызмет көрсету депозиттерді кепілдендіру жүйесіне қосылғаннан кейін басталады.
2025 жылы бұл – лицензия алған екінші жаңа банк. Бұған дейін, 25 маусымда, рұқсатты АҚ «Коммерциялық банк БиЭнКей» алған еді.






