Елімізде

Қазақстанда тағы кімдердің жалақысы өскені белгілі болды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай архив Алматыдан Астанаға көшірілді

Бұл ел тарихына қатысты құжаттар сақталатын орын ғана емес, білім және ғылыми-әдістемелік кешен ретінде қызмет көрсететін Орталық Азиядағы алғашқы архив болатыны жарияланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Өз кезегінде Парламент депутаттары да архив саласын қолдауға бағытталған бірнеше заңнамалық түзету қабылдады. Тағы бір арнайы заң жобасын күзде, жаңа сессияға қайта оралғанда қарайды.

Сондай-ақ сенаторлар Үкімет басшысына жүгініп, архив қызметкерлерінің жалақысын педагогтердің жоғары жалақысымен теңестіруді талап етті.

Премьер-министр Президенттің өзі мән берген саланың қызметкерлерінің айлығы өсіп жатқанын хабарлады.

Оның мәліметінше, бұдан бөлек, экологиялық апат аймағында, ауылдық жерлерде тұратындарға қосымша ақылар (БҚҚ-дан 25%) және ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар (БҚҚ-дан 25%, БҚҚ-дан 10%) төленетінін жеткізді.

Дегенмен, сала қызметкерлерінің алатыны бәрібір Қазақстандағы орташа жалақыдан (2025 жылдың І-тоқсанында 423 133 теңгеге тең) және медианды жалақыдан (300 307 теңге) да төмен болып қалуда.

Сонымен қатар, бүгінде архивтердің статусын көтеріп, "Ұлттық" мәртебе беру мәселесі пысықталуда екен.

Жалпы, архив ісі – ұлт жанының алтын сандығы, елдің тарихи жады. Архив – тек ескінің куәсі емес, ұрпақтың мұрасына жауапты. Бұл тұрғыда, бүгінгі заманауи талапқа сәйкес, қағаз үлгісіндегі құжаттарды цифрлық форматқа көшіру арқылы көпшілікке қолжетімді ету өте маңызды қадам.

Дегенмен, депутаттардың көңілі бұған да тоймай отыр. Сенат депутаты Әсем Рахметованың байламынша, архив саласында жинақталған проблемаларды шешу үшін бірқатар жүйелі, әрі нақты шешімдер қабылдануы керек.

Мәселен, оның дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің ғимараты жарты ғасыр бұрын, 1973 жылы салынған. Аудандардағы архивтердің 14 филиалының 6-уы Петропавл қаласында, Ақжар, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов, Айыртау аудандарында жалға алынған ғимараттарда орналасқан.

Салада цифрландыру мәселесі баяу жүріп жатыр. Архив құжаттарының көп бөлігі қағаз форматында сақталады: жыл сайын тозып, мүжіліп, тышқан кеміріп, көк басып, құрып барады.

Сондай-ақ аудандық архивтердің және филиалдардың құрылысы "Өңірлерді дамыту бағдарламасы" аясында жүргізілмек. Үкімет басшысы мәлімдегендей, 2024 жылы Қарағанды облысы мен Қонаев қаласының әкімдіктері аудандық архивтер мен филиалдардың құрылысы жобасын өңірлерді дамыту бағдарламасына енгізіпті.

Бірақ бұл олардың бар жүгі жергілікті бюджеттерге артыла салынатынын білдірмейді екен. Қолданыстағы заңнамалар аясында өңірлерге архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен де трансферттер бөлу қарастырылуда.

Президенттің өңірлерде архив ғимараттарын салу тапсырмасын орындау үшін 2025 жылы Орталық мемлекеттік архивтің 700 мың бірлік құжатты сақтауға арналған архив қоймасының құрылысын салу үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Тағы 4 аудандық архив – Маңғыстау облысының Жаңаөзен аудандық архиві, Жамбыл облысының Қордай және Жамбыл аудандық архивтері, Ақтөбе облысының Темір аудандық архиві пайдалануға беріліп те қойды.

Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарында архив салуға жер учаскелері бөлінді. Жамбыл облыстық архивінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Жер учаскелері бөлінген Жуалы, Жамбыл, Мойынқұм, Меркі, Шу және Рысқұлов аудандарының архивтеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізуді жүзеге асыруға техникалық шарттар әзірленіп жатыр.

Қызылорда облысында 3 аудандық архив "Руханият" мәдени орталықтарының ғимараттарына көшірілді. Алда қалған 4 аудандық архивті көшіру жоспарлануда.

Ақтөбе және Атырау облысының архивтеріне – 1 млн, Жамбыл облысының архивіне – 1,5 млн сақтау бірлігіне арналған ірі ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілу үстінде. Олжас Бектенов бұл бағытта жұмыстар жалғасатынына уәде етті.

Сенатордың мәліметінше, олардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігі күн өткен сайын нашарлауда. Құжаттар тиісті деңгейде цифрланбаса, ертеңгі күні бұл құжаттар ұрпаққа жетпей қалу тәуекелдері өте жоғары.

Сорақысы сол, іріп-шіріп жатқан құжаттарды ақтарып, жұмыс істегісі, зерделегісі келетін зерттеушілер жетерлік, бірақ оларды қызғанып, архивтегілер, жауапты шенеуніктер зерттеушілерді ішке кіргізбейді, құжаттарды қолжетімді етпейді, көшірме жасауға рұқсат етпейді.

Бұлардың барлығы ұлттың қоры, әрі ұлт жадының ажырамас бөлігі. Сондықтан тарихи мұраларды сақтау және бұл істі жалғастыру, оны кешенді қолдау мемлекеттің стратегиялық маңызды бір міндеті. Бұл іс әлі де "ақсап" тұр.