Қазақстандағы үшінші АЭС-ті кім салатыны белгілі болды
Бұл жөнінде Үкіметтегі брифингте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді
Қазақстанда салынатын үшінші атом электр станциясын Қытай компаниясы тұрғызуы мүмкін, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қазір Атом энергетикасы агенттігі жаңа станцияны орналастыруға қолайлы аймақты анықтаумен айналысуда. Негізгі талап — тұрақты су көзі мен энергияны тиімді тарату мүмкіндігі.
— Үшінші станцияны да Қытай салады. Қазір Атом энергетикасы агенттігінің мамандары оның орналасатын орнын қарастырып жатыр. Су қоры тұрақты, энергияны таратуға қолайлы жер болуы керек. Жақын күндері нақты шешім қабылданады. Биыл осы станциялар қай өңірге салынатыны ресми түрде жария етіледі. Бұл жерде ешқандай құпия жоқ, – деді Скляр Үкіметтегі брифингте.
Бұған дейін Алматы облысындағы алғашқы АЭС жобасын «Росатом» басқаратын халықаралық консорциум қолға алғаны хабарланған. Ал екінші АЭС құрылысын қытайлық CNNC компаниясы жүргізбек. Оның нақты орны күзде белгілі болады.