Қазақстанда зейнетақы жүйесін еңбек өтіліне негіздеу мәселесі қарастырылуы мүмкін, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл туралы Сенат депутаты Амангелді Нұғманов мәлімдеп, қазіргі жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін атап өтті.
Оның пікірінше, зейнетке шығу жасына ғана сүйенетін қолданыстағы модель уақыт талабына толық жауап бермейді. Сондықтан еңбек өтілі жеткілікті азаматтарға зейнетке шығу уақытын өз бетінше айқындауға мүмкіндік беру керек.
Сенатор мұндай өзгерістер елдегі әлеуметтік саясатты жаңартуға және азаматтардың еңбекке деген ынтасын арттыруға ықпал ететінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан қазіргі таңда адами капиталды дамытуға бағытталған жаңа кезеңге қадам басып отыр, сол себепті зейнетақы жүйесін де еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеу маңызды.
Амангелді Нұғманов пікірінше, ол ұсынған тәсіл бірқатар оң нәтижеге әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, масылдық көзқарасты азайтуға, азаматтардың еңбекке деген жауапкершілігін арттыруға және негізсіз ерте зейнетке шығудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шаралар мемлекеттік бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін жүктемені жеңілдетіп, жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтады.
Депутат қолданыстағы заңнамада бірқатар олқылықтардың бар екенін де атап өтті. Мәселен, денсаулығына байланысты толыққанды еңбек ету мүмкіндігі шектелген, бірақ ресми түрде мүгедектік белгіленбеген азаматтар үшін ерте зейнетке шығу тетігі қарастырылмаған. Қазіргі жүйе негізінен мүгедектікті тануға бағытталғандықтан, созылмалы немесе кәсіби аурулары бар адамдардың жағдайы жеткілікті деңгейде ескерілмейді.
Осыған байланысты сенатор Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізіп, белгілі бір аурулар тізбесі негізінде медициналық қорытынды арқылы зейнетақы тағайындау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл еңбекке қабілеттілігін ішінара немесе толық жоғалтқан азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау болмақ.
Сонымен бірге, азаматтың денсаулығы жақсарып, жұмыс істеуге мүмкіндік туған жағдайда, оның қайта еңбекке араласу құқығын сақтау қажеттігі де айтылды.




