Елімізде

Қазақстанда жоғары жетістіктер спортының тізімі бекітілді

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізімін бекітті. Тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия пара ойындарының бағдарламасына енген 65 спорт түрі, сонымен қатар ұлттық спорт түрлері енгізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бұл спорт түрлерін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен басымдық тәртібімен жүргізіледі. Қаражат спорт резервін даярлауға, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындары мен спорттық іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

65 спорт түрінің ішінен 46-сы басым бағыттағы спорт түрлері деп белгіленді. Оның ішінде 11 ұлттық спорт түрі бар. Іріктеу ұлттық құрамалардың Олимпиада, Паралимпиада және Азия ойындарындағы нәтижелеріне қарай жүргізілген.

Тізімге енбеген спорт түрлері бұқаралық спорт қағидаты бойынша дамытылады. Мұндай спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуы тек демеушілер мен өзге көздер есебінен мүмкін болады.

Тізім жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл жоғары нәтиже көрсеткен спорт түрлерін қосуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қоғам өкілдері, депутаттар, федерациялар мен бапкерлердің пікірлері ескеріле отырып әзірленген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасында бірқатар маңызды түзетулер бар:

кәсіби клубтарды қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатына лимит енгізу;

шетелдік спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу;

«басым спорт түрлері» ұғымын нақтылау;

спорт федерацияларын аккредиттеу талаптарын күшейту;

«мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу;

мемлекеттік спорт ұйымдары басшыларын ротациялау тетігін енгізу;

спорттық дайындықтың ұлттық стандарттарын бекіту.

Министрлік ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін тең дамыту арқылы саланың тиімділігін арттыруды, ал бюджет қаражатын нәтижеге бағыттауды көздеп отыр.