Қазақстанда жылына 1 млн тонна бидай өңдейтін жаңа зауыт іске қосылмақ
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Астанада «Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауытын салу» жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Азия Алтын Дән» серіктестігі арасында Dalian Hesheng Holdings Group корпорациясының қатысуымен Инвестициялар туралы келісімге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Азия Алтын Дән» ЖШС директоры, Dalian Hesheng Holdings Group басқарма төрағасының орынбасары Ю Юфэй, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, сондай-ақ KAZAKH INVEST өкілдері қатысты.
Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда терең өңдеу жобаларын іске асыру үшін тұрақты шикізат базасы қалыптасқан.

Жоба Ақмола облысы Аршалы ауданындағы инвестициялық аймақта «Азия Алтын Дән» серіктестігі тарапынан жүзеге асырылуда.

Жоба бастамашысы Ю Юфэй болашақ өндірістің негізгі өлшемдерін таныстырды. Бірінші кезеңде өңдеу қуаты жылына 1 млн тонна бидайды құрайды. Жылына 500 мың тоннаға дейін натрий глутаматын, шамамен 300 мың тонна жоғары сапалы бидай глютенін, сондай-ақ жем және ілеспе өнімдер өндіру жоспарланып отыр.
Жоба Dalian Hesheng Holdings Group компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында стратегиялық тұрғыдан маңызды. Компания дән құрамындағы крахмалды 100%-ға дейін өңдеуге мүмкіндік беретін бірегей биоферментация технологиясына ие. Дәстүрлі тәсілдерде крахмалдың 50%-дан аспайтын бөлігі ғана пайдаланылса, бұл технология шикізатты барынша тиімді өңдеуді қамтамасыз етеді.
Компанияның бидай мен жүгеріні терең өңдеудегі 40 жылдан астам тәжірибесі қазақстандық өнімнің әлемдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Келісім аясында тараптардың өзара міндеттемелері қарастырылған. Инвестор қазақстандық мамандарды үздіксіз оқыту жүйесін енгізіп, жыл сайын кемінде 40 жергілікті қызметкердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде спорт кешенін салу, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт және жастар саясаты салаларындағы жобаларға қатысу көзделген.
Өз кезегінде Қазақстан Үкіметі жобаға қажетті қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, салықтық және кедендік жеңілдіктер беру, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларын ұсыну қарастырылған.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру және астықты терең өңдеу өнімдерін әлемдік нарықтарға ілгерілету мақсатында елімізде жалпы қуаттылығы 5,8 млн тонна және құны 4,0 млрд АҚШ долларын құрайтын алты ірі жоба жүзеге асырылуда.