Елімізде

Қазақстандық ғалым Алтын Орда дәуірінің жаңа ескерткіштерін анықтады

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алтын Орда дәуірін зерттеумен айналысатын қазақстандық жас ғалым Дарын Сағидуллаев Батыс Қазақстан аумағында сол кезеңге тиесілі жаңа тарихи ескерткіштерді анықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Археологиялық зерттеулер барысында ғалым ортағасырлық қоныстар мен жерлеу орындарын тауып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын тереңірек тануға елеулі үлес қосып келеді.

Дарын Зайнуллаұлы — М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы. Қазіргі таңда ол аталған оқу орнының тарих, экономика және құқық факультетіне қарасты Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасында қызмет атқарады.

Ғалым бакалавриат пен магистратураны осы университетте тәмамдағаннан кейін, Қазан федералдық университетінде «Археология» мамандығы бойынша аспирантураны аяқтаған. 2023 жылы «Алтын Орда дәуіріндегі Солтүстік-шығыс Каспий аумағының тарихи географиясы» тақырыбында диссертациясын сәтті қорғады.

Бүгінде жас зерттеуші бірнеше ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, зерттеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Ол Ғылым комитетінің жас ғалымдарға арналған гранттық жобасы аясында тарихи география бағытындағы зерттеуді басқарған. Сонымен қатар Орал өзені бассейніндегі ортағасырлық қалалық мәдениет пен өңірдің табиғи-ресурстық әлеуетін зерделеуге бағытталған ғылыми бағдарламаларға қатысқан.

Ғалымның негізгі зерттеу бағыты — ортағасырлық Алтын Орда мемлекетінің ескерткіштері. 2022–2025 жылдары жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде бірнеше маңызды тарихи нысан анықталды. Олардың қатарында екі ортағасырлық қоныс пен жерлеу кешендері бар.

Сонымен қатар Дарын Сағидуллаев Батыс Қазақстан аумағындағы көне сауда жолдары мен ирригациялық жүйелерді зерттеуді жалғастыруда. Оның ғылыми еңбектері отандық және халықаралық басылымдарда жарияланып келеді. Қазіргі таңда ғалымның 20-ға жуық мақаласы жарық көрген, оның ішінде SCOPUS, ЖАК және БҒСБК базаларына енген беделді журналдар бар.

Жас зерттеушінің ғылыми жаңалықтары аймақтың тарихи-мәдени мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірлік туризмнің дамуына да оң ықпал етуде.