Елімізде

Қазақстандық диқандар 3,1 млн тонна астық бастырды

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстанда егін жинау науқаны қарқын алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, науқанға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, сондай-ақ Абай мен Жетісу облыстары және Шымкент қаласы кіріп отыр.

Жақсы өнімділік көрсетіп отырған өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары бар.

Соңғы деректерге сәйкес, бүгінде 2,2 млн гектар алқаптағы дәнді дақыл орылып, бұл жалпы егіс көлемінің 13,7 пайызын құрады. Бастырылған астық көлемі 3,1 млн тоннаға жеткен.

Астықтан бөлек, өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерінің жиналымы жоғары көрсеткіш көрсетуде. Мәселен, 24,4 мың тонна майлы дақыл, 525,5 мың тонна картоп (гектарына 239 центнер өнім), 1,6 млн тонна көкөніс (гектарына 286 центнер өнім), 1,8 млн тонна бақша дақылдары (гектарына 269,9 центнер өнім) қоймаға тапсырылды.

Көкөністер бойынша да рекордтық өнім алынуда. Қырыққабаттан 319,5 мың тонна (гектарына 375,4 центнер), пияздан 256,7 мың тонна (гектарына 390 центнер), ал сәбізден 98,8 мың тонна (гектарына 298,1 центнер) өнім жиналды.

Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қолайлы ауа райы жағдайы мен агротехникалық шаралардың сапалы жүргізілуі биылғы науқанның нәтижелі болуына ықпал етуде.