Елімізде

Қазақстандықтардың зейнетақы шоттарындағы қаражат жыл басынан бері қаншалықты өсті

Бұл туралы БЖЗҚ-ның инвестициялық қызметіне арналған шолу барысында айтылды

2025 жылдың алғашқы алты айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвестициялық табыс жағынан оң көрсеткішке шықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қор шілде айына дейін 370,99 миллиард теңге инвестициялық табыс есептеген. 

Осы кезеңдегі табыстылық деңгейі 1,51%-ды құрады. (Маусым айында бұл көрсеткіш -0,69% болған.) Дегенмен, бұл әлі жыл басынан бергі шамамен 7%-дық инфляцияны жаба алмай отыр.

Соңғы 12 айдағы инвестициялық табыс шамамен 2,53 трлн теңгеге жетіп, табыстылық көрсеткіші 12,22%-ды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, осы кезеңдегі инфляция деңгейі – 11,8%.

БЖЗҚ мәліметінше, қысқа мерзімдегі табыстың өзгеруі зейнетақы активтерінің тиімді басқарылғанын толық көрсете алмайды. Себебі бағалы қағаздар құны мен валюта бағамының ауытқуы қысқа мерзім ішінде есептелген сыйақы көлемін жауып үлгермеуі мүмкін.

2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, Ұлттық банктің сенімді басқаруындағы БЖЗҚ активтерінің жалпы көлемі 23,47 трлн теңгені құрады.