Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Nazarbayev University халықаралық Global Ranking of Academic Subjects 2025 by Shanghai Ranking пәндік рейтингіне енді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Айта кетейік, Shanghai Ranking рейтингі – әлемдегі ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі және университеттердің сапасы мен ғылыми нәтижелілігін жеке пәндер бойынша қатаң бағалайды.
Биыл NU үш бағыт бойынша үздіктер қатарына кірді:
• Құрылыс инженериясы;
• Телекоммуникациялық инженерия;
• Білім беру саласы.
Shanghai Ranking әлем бойынша шамамен 2000 университетті бағалайды. Бағалау критерийлеріне Нобель сыйлығы лауреаттарының болуы, Nature және Science журналдарындағы жарияланымдар, ғылыми өнімділік және халықаралық басылымдарда дәйектілік, жарияланымдардың сапасы, әлемдік деңгейдегі профессорлық-педагогикалық құрам және халықаралық ғылыми ынтымақтастық жатады.
Бұған қатысьы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз пікірін білдірді.
«Қазақстандық университеттің әлемдегі ең қатаң және беделді академиялық рейтингтердің біріне енуі халықаралық сарапшылардың Қазақстандағы ғылыми нәтижелердің жоғары деңгейін, даму әлеуетін және зерттеу қызметінің сапасын мойындайтындығын көрсетеді. Бұл елдің жаһандық білім берудегі позициясын нығайтуға және халықаралық ғылыми қауымдастықтағы мәртебесін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті.






