Тамыз аяқталмай жатып: Қазақстанда ауа райы күрт суытады
Оңтүстікте де жазғы аптаптың беті қайтып, ауа температурасы +23…+28°C шамасында болады
«Қазгидромет» алдағы күндері Қазақстан аумағында күн күрт суытатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Елге Батыс антициклоны жақындап, суық ауа массаларының әсерінен температура айтарлықтай төмендейді.
Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде күндізгі температура +12…+17°C дейін түседі. Бұл – соңғы апталардағы жылы күндермен салыстырғанда едәуір салқын.
— Жылы күндерден кейін Қазақстан аумағына Батыс антициклоны ығыса бастайды. Суық ауа массаларымен толығып, ол еліміздің басым бөлігінде ауа температурасының айтарлықтай төмендеуін әкеледі – солтүстік пен шығыста күндізгі уақытта сынап бағаны +12…+17 градусқа дейін төмендейді. Тіпті оңтүстік өңір тұрғындары да күздің жақындағанын сезінеді – аптап ыстықтың беті қайтып, +23…+28 градус жылы күтіледі. Тек еліміздің батысы Иран аймақтарынан келетін жылы ауа массаларының ықпалында болып, мұнда ауа температурасы біртіндеп көтеріліп, +32…+37 градусқа дейінгі қатты ыстық күтіледі, — делінген Қазгидромет хабарламасында.