Бүгін ел бойынша қай жолдарға шектеу қойылды
Аталған жолдар ауа райының бұзылуына байланысты жабылған
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады, деп жазады Jambylinfo.kz
Компанияның мәліметінше, Ақмола облысында 2025 жылғы 3 желтоқсан күні кешкі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (температураның төмендеуі, көктайғақ, боранды қар) республикалық маңызы бар бірнеше жолда жылдамдық режиміне өзгеріс енгізілді:
• KAZ 01 «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 30-92-шақырым (Жібек Жолы ауылы — Анар станциясы) учаскесінде барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 110 шақ/сағ-тан 80 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.
• KAZ 02 «Астана — Көкшетау (қала маңы айналып өтуімен) — Петропавл — РФ шекарасы (Жаңа Жол бекеті)» автожолының 19-144-шақырым (Астана қ. — Алакөл а.) учаскесінде барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 110 шақ/сағ-тан 80 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.
• «KAZ02 Астана — Көкшетау (айналма жолымен) — Петропавл — РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 144-231-шақырымында (Алакөл ауылы — Щучинск қ.) барлық көлік түрлері үшін жылдамдық режимі 80 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін өзгертіледі.
Қарағанды облысында 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 09:00–ден бастап:
«KAZ01 Астана — Қарағанды — Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесінде 92-164-шақырым арасында (Анар станциясынан Теміртау қаласына дейін) көліктің барлық түрі үшін жылдамдық 140 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.
Сондай-ақ үш өңірде бұған дейін енгізілген шектеулер әлі де күшінде.
Павлодар облысы
«Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді.
Солтүстік Қазақстан облысы
«Тимирязево — Сарыкөл — облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы — Тимирязево ауылы) көліктің барлық түрі үшін шектеу бар.
Шығыс Қазақстан облысы
Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай –Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.
Ауа райы
2025 жылғы 4 желтоқсанда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Абай, Жетісу, Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстарының кей жерінде қар аралас жаңбыр мен қар жауады.
— Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, — делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.