Балқаш көлінің деңгейі жыл басынан бері 32 см-ге көтерілді
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
2025 жылдың бірінші жартысында Балқаш көлінің деңгейі орта есеппен 32 см-ге көтерілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Нақтырақ айтқанда, Балтық жүйесі бойынша 341,55 метрден 341,87 метрге дейін.
Жыл басынан бүгінге дейін Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 8,52 млрд текше метр су жіберілді. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 8 млрд текше метр болған.
Биыл Қапшағай су қоймасынан көлге жалпы көлемі 12 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр. Балқаштағы су көлемі негізінен трансшекаралық Іле өзеніне байланысты, ал оның ағысын Қапшағай су қоймасы реттеп отырады.
Биыл су қоймасы қатарынан екінші жыл 100% толды. Былтыр бұл нысан соңғы 10 жылда алғаш рет 100% толғанын еске сала кетейік. Қапшағай су қоймасының толуы Алматы облысындағы Ақдала мен Шеңгелді суармалы алқаптарын вегетациялық кезеңде сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.