бейсенбі, 19 наурыз, 2026 17:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Балабақшалар мен колледждерде дау-дамайларды реттейтін медиация қызметтері құрылады

Балабақшалар мен колледждерде дау-дамайларды реттейтін медиация қызметтері құрылады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Жаңа құрылым буллингтің алдын алуға бағытталады

Оқу-ағарту министрлігі барлық мектепке дейінгі, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында медиация жүйесін іске қосуда. Бұл бастама балалар, студенттер, педагогтер мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Балабақшаларда аталған құрылым тәрбиешілер мен ата-аналарға бүлдіршіндер арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге көмектеседі. Сондай-ақ балалардың бойында кішкентай кезінен бастап тіл табысу, бөлісе білу, ортақ мәмілеге келу және жанжалдардан бейбіт жолмен шығу дағдыларын қалыптастырады.

Колледждерде бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге, қорлық көрсету жағдайларына жол бермеуге және білім алушылар арасындағы қақтығыстарды азайтуға септігін тигізеді.

Жұмыс барысы біркелкі болуы үшін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдар мен ережелер негізге алынады. Онда дауларды шешу мен агрессияның алдын алудың нақты жолдары көрсетілген.

Медиация тобының құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-психологтар, әлеуметтік мамандар, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай білім алушылардың өздері де кіреді.

Айта кетейік, мұндай тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында енгізілген болатын. Ол дау-дамайлардың алдын алуда және оқушылар арасындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруда өз тиімділігін дәлелдеді.

 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар