Елімізде

Баспана сатып алғысы келіп жүрген жандар үшін жағымды жаңалық тарады

«7-20-25» ипотекасы бойынша қарыз алушыларға қосымша мүмкіндік берілді

Қазақстан Ұлттық банкі «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ұлттық банк басқармасының тиісті қаулысы 2025 жылғы 26 қыркүйекте қабылданған. Жаңартылған талаптарға сәйкес:

Астана, Алматы және олардың агломерация аймақтарында, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында тұрғын үйдің ең жоғары бағасы 25 млн теңгеден 30 млн теңгеге дейін ұлғаяды;

Қарағанды қаласында шекті баға 20 млн теңгеден 25 млн теңгеге көтеріледі;

Басқа өңірлерде тұрғын үйдің ең жоғары құны 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін өседі.

Сонымен қатар енді қарыз алушы төлем қабілетін растау үшін тең қарыз алушымен қатар кепілгерді де тартуға мүмкіндік алады. Ал несиеге өтінім беру кезінде тұрақты табыстың болуы міндетті шарт ретінде бекітілді.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, енгізілген түзетулер тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және ипотекалық несиелеу жүйесін икемді етуге бағытталған. Бағдарламаның басқа шарттары бұрынғы қалпында сақталады.

Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылы іске қосылған. Оның мақсаты – жұмыс істейтін азаматтарға жылдық 7% мөлшерлемемен, 20% бастапқы жарнамен және 25 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген ипотека алу мүмкіндігін беру.

2025 жылғы 2 қазандағы мәліметке сәйкес, бағдарлама аясында 81 886 жеңілдетілген несие рәсімделіп, олардың жалпы сомасы 1,15 трлн теңгеге жеткен.