Бектенов жастар арасында есірткіге тәуелділіктің өршуіне алаңдаушылық білдірді
- авторБақытжан Бекболат
- 24 шілде, 2025
- 815
Ол жастар арасында есірткі тұтынудың көбейіп бара жатқанын қауіпті үрдіс деп атап, бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.
Жиынға Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ облыс әкімдері мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, Бас прокуратура, ҰҚК және Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері қатысты.
Отырыста нашақорлықпен және ішімдікке салынушылықпен күрес, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігі қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің мәліметінше, биылғы жарты жылда 6,4 тонна есірткі тәркіленген, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталған, 474 адам ұсталған, оның ішінде Telegram-арналарды басқарған 28 адам бар. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 іс қозғалған, олардың үшеуі трансұлттық сипатта. Сонымен қатар 11 мыңнан аса алдын алу іс-шарасы өткізілген. Қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін 107 мың дерек, ал алкоголь саудасы саласында 7 мың құқықбұзушылық тіркелген. 11 мың адамға алкоголь тұтынуға тыйым салынған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, елімізде 17 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді ретінде диспансерлік есепте тұр. Соңғы бес жылда апиынға тәуелділер саны 1,5 есе қысқарған, бірақ синтетикалық есірткі мен аралас түрлерін қолданушылар саны артқан. 2024 жылдың соңынан бастап есірткіге толық тәуелділік белгілері жоқ, бірақ зиянды тұтыну деңгейіндегі адамдарға консультативтік бақылау енгізілген – бүгінде бұл топқа шамамен 3 мың адам қамтылған.
Есірткіге қарсы көмек 20 аймақтық психикалық денсаулық орталығы, 79 қалалық, 205 аудандық наркокабинет, сондай-ақ Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығы арқылы көрсетіледі. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 94 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. 2024 жылы бұл орталықтарға 700 мыңнан астам жас жүгінген. 2025 жылы есірткіге тәуелділікті емдеудің тиімділігін арттыру бойынша жаңа әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Сонымен қатар, ауруханаға жатқызуға кедергі болатын талаптарды қайта қарау жұмысы жүріп жатыр.
Олжас Бектенов нашақорлық мәселесі, әсіресе жастар арасында, әлі де өзекті екенін атап өтті.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Заң мен тәртіп” қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция – жастар арасында нашақорлықтың таралуы. Өкінішке қарай, ол күннен күнге белең алып барады. Жағдай оны таратудың жаңа әдістерімен шиеленісе түсуде, олар – интернет арқылы, пошта арқылы, “жасырып кету”, иесі белгісіз электронды төлемдер. Мұның барлығы “наркодиллер-өткізуші-тұтынушы” үштігінде физикалық байланыстың болмауына әкеліп отыр. Сол себепті де қазір таратушыларды ұстау әлдеқайда қиын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осыған байланысты, Үкімет басшысы есірткі сайттарын анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ есірткі саудасына қатысты қаржылық аударымдарды бұғаттау мәселелерін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, тәуелділік тудыратын дәрілік заттардың дәріханалардан босатылуына бақылауды күшейту, жасөспірімдерге арналған оңалту инфрақұрылымын дамыту, нашақорлықты ерте анықтау және емдеу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігі айтылды.
Алкоголизммен күрес аясында «Салауатты ауылдар» қозғалысын кеңейту тапсырылды. Қазіргі таңда елде 400-ден астам елді мекен ішімдікке қарсы бастама көтеріп отыр. Мұндай бастамаларды көтерген белсенділер мен жергілікті әкімдіктерді ынталандыру ұсынылды. Статистикаға сәйкес, елімізде жасалатын кісі өлтірудің жартысынан астамы, әрбір үшінші бұзақылық, төртінші тонау — мас күйде жасалады.
Жиын барысында Олжас Бектенов нашақорлықпен күресте тек салдарымен емес, оның негізгі себептерімен де жұмыс істеу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты ол жаңа кешенді наркополитика әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар, Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия отырысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтарға психологиялық көмек көрсету шараларының тиімділігі де талқыланды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша шағымдар саны 35 пайызға азайған. 2025 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеген. Отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қылмыстар 34,9 пайызға қысқарған.
Премьер-министр оң өзгерістерге қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен болдырмау – елдің отбасы және демографиялық саясаты үшін маңызды бағыт екенін айтты.
«Мемлекет басшысы айқындаған “Заң және тәртіп” қағидаты – қоғамда қандай да бір зорлық-зомбылыққа, қол сұғушылыққа мүлде жол берілмейтінін білдіреді. Президенттің тапсырмасы бойынша біз заңнаманы қатайттық. Әйелдер мен балаларға қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік күшейтілді», – деді Бектенов.
Үкімет басшысы зорлықтың алдын алу, мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімділікті күшейту, халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қою қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ психологиялық көмек көрсету тетіктерін кеңейту тапсырылды.
Былтыр Ішкі істер министрлігі жанынан отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске арналған арнайы бөлімше құрылған болатын. Бұл құрылым тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдын алу шараларын жүргізуде.
Сонымен қатар, жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық куәгері болған балалардың жағдайы көтерілді. Білім министрлігіне мұндай балаларды ерте анықтап, оларға қолдау көрсетудің нақты жүйесін әзірлеу тапсырылды.
Премьер-министр отбасын қолдау орталықтарының желісін дамыту, саладағы цифрлық жүйелерді жетілдіру және тұрмыстық қылмыстармен күресте барлық мемлекеттік органдардың күшін біріктіру маңызды екенін баса айтты.
Жиын соңында Олжас Бектенов жергілікті атқарушы органдарға рақымшылыққа ілінген адамдармен жұмысты күшейтуді – оларды қоғамға бейімдеу, қайталанған қылмыстың алдын алу, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.






