БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 160 млрд теңгесін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» облигацияларына салды
- авторБақытжан Бекболат
- 28 шілде, 2025
- 470
2025 жылдың маусым айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) «Бәйтерек» ұлттық холдингі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының облигацияларына қаржы құйды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, "Бәйтерек" холдингінің облигациялары 69,9 млрд теңгеге сатып алынған. Бұл қаржы жылдық орташа 17,5 пайыздық табыспен орналастырылған. Ал "Самұрық-Қазына" қорының облигациялары 90 млрд теңге көлемінде сатып алынып, оларға берілетін табыс мөлшері 3,5 пайыздық маржадан және инфляция деңгейінен құралған.
Сонымен қатар маусым айында "Бәйтерек" холдингінің 132,45 млрд теңге көлеміндегі облигациялары, ForteBank-тің 1,94 млрд теңге және Kaspi Bank-тің 59,1 млрд теңге сомасындағы облигациялық қарыздары өтелген.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі әлі де Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарында шоғырланған – олардың үлесі 43,71 пайызды құрап отыр. Қазіргі кезде бұл құнды қағаздардың жалпы көлемі 10,3 трлн теңгеге жеткен. Маусым айында Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына тағы 142,5 млрд теңге салынған, олардың жылдық орташа табыстылығы – 16,37 пайыз.
Сондай-ақ қор активтері АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына да бағытталған. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі – 61,43 млрд теңге, жылдық табыстылығы – 4,32 пайыз.






