жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Депутат: соңғы бес жылда жол апатынан 12 мыңнан астам адам көз жұмған

Депутат: соңғы бес жылда жол апатынан 12 мыңнан астам адам көз жұмған
Мәжілістің баспасөз қызметі
Депутат бұл туралы Ішкі істер министрлігінде «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында Үкімет сағатында айтты.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Үкімет сағатында еліміздегі жол-көлік оқиғаларының саны жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып, бұл мәселені шешудің жүйелі жолдарын ұсынды. Оның сөзінше, жол апаттарының басты себебі тек жүргізушілердің тәртібінде емес, сонымен қатар инфрақұрылым мен цифрлық жүйелердің әлсіздігінен, жол сапасының нашарлығынан туындап отыр.

Депутаттың мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда 22 501 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 32 375 адам жарақат алған, 1 446 адам қаза тапқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 7 мың оқиғаға көп.

– Тасжолдағы традегиядан 5 жылда 12 267 азаматымыздан айырылыппыз. Жіктесем, 8 218 ер адам, 2 975-і әйел, 1 074-і бала. Аталған деректі әлем елдерімен салыстырсақ, Қазақстандағы трассалар бейбіт күнде бейіттен хабар әкелетін қорқынышты құралға айналып кетпеді ме деп қауіптенесің. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық ұйымы жол апатынан көз жұмғандардың саны бойынша Қазақстан 192 елдің ішінде 107-орында тұр дейді. Ал Дүниежүзілік банк (The World Bank) келтірген мәліметтерге сәйкес, елімізде 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 24-ке тең. Қазір 12 адам деген дерек бар. Салыстырмалы түрде алсақ, Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 3 адам, – деді депутат.

Сәрсенғалиевтің айтуынша, 2024 жылы ел бойынша 12,6 миллион жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Ал 2025 жылдың алғашқы сегіз айының өзінде-ақ 9,7 миллион әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 16 700 мас жүргізуші ұсталған.

Депутат жол қауіпсіздігіне әсер ететін тағы бір маңызды фактор — цифрлық инфрақұрылымның әлсіздігі екенін айтты.

– Тағы бір түйткіл, жүргізушілер жүгінетін цифрлық платформалардың жеткілікті деректі ұсынбауы. Мәселен, көлік тізгініндегі адамға авариялық қауіпті учаскеге жақындағаны немесе сонда жүргені, ауа райының қолайсыздығы немесе жол жабындысының нашарлағаны туралы деректер уақытылы берілмейді. Тіпті, жолдағы жөндеу жұмыстары туралы деректер де жүргізуші қолданатын цифрлық қосымшаларда уақытылы, толық көрсетілмейді. Салдарынан жөндеу үшін деп жолға төгілген құм мен қиыршық тастарға соғылып апатқа ұшырағын автокөліктерді желіден үнемі көреміз. Осы тұста мемлекеттік органдар көштен қалмауы керек, – деді ол.

Сонымен қатар, биылғы жылы өлім немесе ауыр жарақатқа әкелген жол апаттарының саны 41,9% артқан. Ең көп өсім Атырау облысында (162,5%), одан кейін Ақтөбе (123%) және Қызылорда облыстарында (101,9%) тіркелген. Сарапшылар мұны бір жолақты трассалардың көптігімен түсіндіреді.

Депутат жол сапасы мәселесіне де тоқталды.

- Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйенсек, Қазақстан 2024 жылы жол сапасы жөнінен 119 елдің арасында 90-орын алған. Салдарынан еліміздегі көлік апатының 30 пайызы жол төсемінің сапасыздығынан деген қорытынды жасалды, – деді ол.

Сәрсенғалиевтің пікірінше, жолдарды жобалау кезінде қауіпсіздік пен сапаға емес, арзан бағаға басымдық беріледі. Соның салдарынан жолдың ені тар, қорғаныс элементтері мен жарықтандыру жүйесі жеткіліксіз, ал жүргізушілер демалатын аймақтар мүлде жоқ.

– Бұдан бөлек, жол салғанда оның жиегіне кемпингтер, демалуға арналған айлақтар қойылмайды. Салдарынан көлік жүргізушілері сағаттап демалмай рульде отыруға мәжбүр. Оның арты апатқа апаратыны айтпаса да түсінікті, – деді депутат.

Ол Үкіметті жол қауіпсіздігіне қатысты саясатты қайта қарап, инфрақұрылым мен цифрлық жүйелерді жетілдіруге шақырды.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар