Елімізде су қорғау аймақтарын белгілеу басталды
Бұл туралы министрлік өкілі мәлім етті
Қазақстанда су қорғау аймақтарын белгілеу басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, су қорын қорғау үшін заңнамада су қорғау аймақтарымен белдеулерді белгілеу талаптары қарастырылған. Су кодексінің 133-бабы 2-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 2027 жылдың соңына дейін елді мекендердің шекаралары (шектері) шегінде жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеуге міндетті.
«Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елді мекендер шегінде су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жұмыс аясында, бүгінге инспекциялар, су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуді талап ететін жер үсті су объектілерінің тізбесін қалыптастыруда», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.