Еліміздегі базарларда Бірыңғай сауда стандарттары енгізілді
- авторМағжан Орынбасар
- 29 қыркүйек, 2025
- 366
ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев базарлар қызметін құқықтық реттеу бөлігінде бірқатар шаралар қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, сауда қызметтерінің Ұлттық стандарттары әзірленіп, енгізілді. Санитарлық, өртке қарсы, қала құрылысы, сондай-ақ сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіздік пен жайлылық талаптары сияқты барлық процестерге бірыңғай талаптар қойылды.
«Ішкі сауда және сауда базарлары қызметінің ережелері жетілдірілді. Жаңа редакцияда стандарттар мен нормаларды сақтау міндеттілігін, базар регламенттерін бекіту тәртібін, әкімшілерге қойылатын талаптарды және жалдау шарттарын жасасудың бірыңғай тәртібі бекітілді», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, заңнаманың орындалуына және әкімшілік ықпал ету шараларына бақылау күшейтілді. Тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтары қайта қаралып, базарларға 11 жаңа талап қосылды. Бұл тексерулердің тиімділігін арттырады.






