Күз аяқталмай жатып: елдің кей өңірлерінде қар күтіледі
Елімізге Атлант мұхитынан келген циклон әсер етпек
Алдағы күндері Қазақстан аумағы Атлант мұхитынан келетін циклонның ықпалында болады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Қазгидромет" мамандарының мәліметінше, оның салдарынан елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, жел күшейеді.
Тек 30 қазанда солтүстік пен орталық өңірлерде, сондай-ақ 30–31 қазанда республиканың шығысында жауын-шашынсыз күн райы сақталмақ.
Оңтүстік аймақтарда да атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауады. Ал таулы өңірлерде түнгі уақытта жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі.
Сонымен қатар түнгі және таңғы сағаттарда тұман түсуі ықтимал.
Ауа температурасы біртіндеп төмендейді:
батыста күндіз +5…+10°С,
солтүстік пен орталықта +2…+10°С,
оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +8…+17°С,
шығыста +8…+18°С шамасында болады.
Мамандар тұрғындарға ауа райының өзгерісіне байланысты сақтық шараларын ұстанып, жолда мұқият болуға кеңес береді.