Елімізде

Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қарады

Бұл туралы UKIMET телеграм арнасы мәлімдеді

Мемлекет басшысының тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет отырысында елдің 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Негізгі макроэкономикалық индикаторлар туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Болжам негізгі сценарий негізінде жасалды. 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,4%-ды құрайды деп күтілсе, үш жылдық орташа жылдық қарқын 5,3%-ға жетпек. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі.

Экономиканың өсуінің негізгі драйверлері нақты сектор мен қызмет көрсету саласы болмақ. Өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен өсім қарқыны 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаяды. Құрылыста үш жылдағы орташа өсім 11,0%, көлік саласында – 10,1%, саудада – 6,7% деңгейінде күтіледі.

Сауда балансы оң аймақта сақталмақ. Экспорт көлемі 2026 жылы $77,1 млрд-тан 2028 жылы $83,7 млрд-қа дейін, импорт $67,7 млрд-тан $75,2 млрд-қа дейін өседі. Инфляция бойынша болжам 2028 жылға қарай 5,0–7,0% деңгейінде белгіленді.

Макроболжам негізінде үш жылдық кезеңге арналған бюджет параметрлері қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің кірістері 2026 жылы 19,2 трлн теңгені құрап, 2028 жылы 23,2 трлн теңгеге дейін ұлғаюы жоспарланып отыр. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2,77 трлн теңге мөлшерінде сақталады.

Бюджет тапшылығы 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде айқындалып, 2028 жылы 0,9%-ға дейін төмендейді. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 4,9%-дан 2,7%-ға дейін қысқарады.