Үкімет тұрақты вегетациялық кезеңді қамтамасыз ету үшін суды тұтыну лимиттерін бекітті
Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Үкімет отырысында оңтүстік өңірлердегі диқандардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету, басқарудың цифрлық құралдарын енгізу және ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Нұржан Нұржігітов баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрлік маусымға дайындық шеңберінде оңтүстік облыстардағы негізгі су қоймаларын толтыру жұмыстарын жүргізуде, бүгінде онда 23,4 млрд текше метр су жиналды.
Вегитациялық кезеңді тиімді өткізу үшін еліміздің 5 өңірінде су пайдалану лимиттері белгіленді:
Түркістан облысы – 3,8 текше километр
Қызылорда облысы – 3,2 текше километр,
Алматы облысы – 2,1 текше километр,
Жетісу облысы – 1,8 текше километр,
Жамбыл облысы – 1,2 текше километр.
Инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Осы жылы 394 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2,2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарлануда. Жаңа жобалар бойынша да жұмыстар жүруде. Инвестиция тарту есебінен Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды, сондай-ақ Көксарай контрреттегішін реконструкциялау және оңтүстіктің бес облысында 103 каналды автоматтандыру жүзеге асырылуда.