Ұлттық банк базалық мөлшерлемені сақтап қалды
Қазақстан Ұлттық Банкі инфляцияның төмендеуіне бірқатар фактор ықпал еткенін атап өтті.
Ресми деректерге сүйенсек, базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімге инфляция қарқынының төмендеуі әсер еткен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Соңғы мәліметтерге сәйкес, наурыз айында жылдық инфляция 11%-ға дейін баяулаған. Бұған дейін, ақпан айында бұл көрсеткіш 11,7% деңгейінде болған. Қазақстан Ұлттық Банкі инфляцияның төмендеуіне бірқатар фактор ықпал еткенін атап өтті.
Атап айтқанда, айлық инфляция 1,1%-дан 0,6%-ға дейін қысқарған. Баға өсімі азық-түлік тауарларында 11,7%, азық-түлікке жатпайтын өнімдерде 11,3%, ал қызмет көрсету секторында 10% деңгейінде қалыптасқан. Сонымен бірге, сыртқы нарықтағы жағдайдың бағаға қысым жасап отырғаны және халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 14,6% шамасында екені айтылды.
Соған қарамастан, инфляция деңгейі әлі де 5% нысаналы көрсеткіштен едәуір жоғары. Бұл экономикалық қысымның толық жойылмағанын көрсетеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ел экономикасы 3% өсім көрсеткен. Әсіресе құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі және сауда салаларында оң динамика байқалған.
Сонымен қатар, реттеуші базалық мөлшерлемені төмендету мәселесі бірден шешілмейтінін атап өтті. Егер қазіргі үрдіс сақталып, күтпеген тәуекелдер туындамаса, алдағы уақытта мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.