Елімізде

Ұлттық гидрогеологиялық қызмет Қазақстан аумағында 700-ден астам бұлақ анықтады

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Алдын ала деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 711 әлеуетті бұлақ анықталды.

Сонымен қатар қор және архив материалдары негізінде ел аумағындағы 2 772 бұлақты қамтитын карта жасалған. Айта кетейік, бұлақтар су ресурстары тапшылығы жағдайында қосымша су көзі ретінде қарастырылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ауызсу және техникалық сумен жабдықтау, суару және өзге де мақсаттарға арналған жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік баланс бойынша тәулігіне 43,2 млн текше метр көлеміндегі пайдалану қоры тіркелген. Оның ішінде қазіргі таңда шамамен 1,5 млн текше метр немесе 3,6% ғана пайдаланылып отыр.

Атап айтқанда, шаруашылық-ауызсуға арналған қор тәулігіне 21,2 млн текше метр. Өндірістік-техникалық қажеттіліктерге арналған қор тәулігіне 2,4 млн текше метр, ал суару мақсатында тәулігіне 19,6 млн текше метр қарастырылған.