Медициналық ұйымдар қаржы тапшылығына байланысты қызмет көрсетуден бас тартуда: Денсаулық сақтау министрлігі шешім ұсынды
- авторБақытжан Бекболат
- 26 қыркүйек, 2025
- 438
Қазақстанда кейбір медициналық ұйымдар қаржы тапшылығына байланысты пациенттерге қызмет көрсетуден бас тартуда.
Бұл мәселені шешу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет көлемін бөлгенде және халықты тіркеу науқаны кезінде клиникалардың қаржылық жағдайын ескеруді ұсынды. Жобалық құжат ведомствоның «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрлік медициналық қызметті сатып алу жүйесінің ашықтығын және сенімділігін арттыру арқылы медициналық ұйымдардың халыққа көмек көрсетпеу қаупін азайтуды жоспарлап отыр. Құжатқа сәйкес, енді:
Медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайын ескере отырып, қызмет көрсету үзілістерінің алдын алады;
Денсаулық сақтау субъектілерін есепке алу жүйесін және деректер базасын жетілдіреді;
Медициналық ұйымдардың қызметін бағалау критерийлерін нақтылайды;
Қызмет көлемі мен қаржыны медициналық ұйымдар арасында бөлу механизмін қайта қарайды.
Министрлік атап өткендей, аталған шаралар денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, пациенттердің медициналық көмекке уақтылы және толық көлемде қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Құжатқа қатысты жария талқылау 9 қазанға дейін жалғасады.






