Қолайсыз ауа райында жолға шыққан жүргізушілерге айыппұл салынды
Республикалық маңызы бар көлік жолдарында қозғалысқа 28 рет шектеу қойылған
Абай облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты енгізілген шектеулерге қарамастан жолға шығып кеткен жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, күрделі метеорологиялық жағдай кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Республикалық маңызы бар көлік жолдарында қозғалысқа 28 рет шектеу қойылған. Оның 27-сі ауа райы жақсарғаннан кейін уақытылы алынып тасталған. Сондай-ақ көліктерді бірреттік өткізу бойынша 17 рет рұқсат берілді. Ал облыстық маңызы бар жолдарда қозғалыс 14 рет шектеліп, қосымша екі рет бірреттік өткізуге рұқсат берілген.
Алайда кейбір жүргізушілер жолдардың жабылуына қатысты ескертулерді елемеген.
- Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 7 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 3-і шетелдік, 4-і Қазақстан Республикасының азаматтары, - делінген ақпаратта.
Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін және қолайсыз ауа райы жағдайында жедел қызметтердің жұмысын қиындататынын атап өтті.