бейсенбі, 9 сәуір, 2026 18:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватының жарақтандырылу деңгейін тексерді

Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватының жарақтандырылу деңгейін тексерді
Үкіметтің баспасөз қызметі
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ормандарды сақтау және қорғауда заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Резерват аумағында Премьер-министр орман және дала өрттерін ерте анықтауға арналған, ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйені пилоттық режимде енгізу нәтижелерімен танысты. Аталған технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан және кез-келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді.

Мұнда Премьер-министр Олжас Бектенов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен орман өрті бойынша оқу-жаттығу өткізілді. Резерват мамандары өрт сөндірушілермен бірлесіп, цифрлық технологиялардың тиімділігін және өрт сөндіру қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмін көрсетті.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев заманауи тепловизиялық және оптикалық камераларды пайдалана отырып, тәулік бойы бейнемониторинг кешендері өрт белгілерін бастапқы кезеңде автоматты түрде анықтайтынын баяндады. Өрт немесе түтін анықталған жағдайда жүйе Жедел басқару орталығына бірден сигнал жолдайды, бұл өрт ошақтарын жедел оқшаулауға және жоюға мүмкіндік береді. Орталық камералардан алынған кескіндерді нақты уақыт режимінде көрсетуге арналған бейне қабырғамен, сондай-ақ стационарлық радиостансамен жабдықталған. Мұндай орталықтар Абай облысының 7 ауданында орналасқан «Семей орманының» барлық 10 филиалында ашылған. Өртті ерте сөндіру жүйесі 100-ден астам сынақтан өткізілген. Қазіргі уақытта оны жетілдіру бойынша жұмыстар, оның ішінде алты метеокешенмен және құрғақ найзағай соғуын анықтауға мүмкіндік беретін найзағай бағытын анықтау стансасымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.

Президент тапсырмасына сәйкес, өртті ерте анықтау технологиясы бүкіл еліміз бойынша кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Ақмола облысындағы бес орман шаруашылығы мен Астана маңындағы екі қорықта, сондай-ақ Қарқаралы және Баянауыл ұлттық парктерінде жүйенің екі кезеңді енгізілуі туралы «Қазақтелеком» АҚ цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Бақтияр Қожахметов баяндады. Іле-Алатауы, Сайрам-Өгем ұлттық парктерінде және «Көлсай көлдері» МҰТП-да жұмыстар аяқталуға жақын. Үшінші кезең Шығыс Қазақстан облысындағы 10 орман шаруашылығын және Қатонқарағай ұлттық паркін қамтиды. Осылайша, биылғы шілде айында еліміздің 24 табиғи паркі мен қорығының өрт қаупі жоғары аймақтарын қамтуды аяқтау, қыркүйек айында барлық жүйені өнеркәсіп мақсатында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес біз орман қорын қорғаудың түбегейлі жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Орманды қалпына келтіріп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға да бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда. Президент айқындаған негізгі бағыттардың бірі – цифрландыруды енгізу. Өткен жылы резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын, 37 заманауи камерамен жабдықталған өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді.

Технологияларды тікелей патрульдеу шараларымен нығайту қажет. Бұл өте маңызды. Сондықтан өрт қаупі жоғары кезеңде орман күзетінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ол барлық қауіпті аймақтарды қамтуға тиіс. Жүргізіліп жатқан жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсат-міндеттеріне толық сәйкес келеді, оның шеңберінде біз табиғи ресурстарды сақтап қана қоймай, азаматтардың экологиялық мәдениетін де арттырамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр жұмысты жеделдетуді және цифрлық технологияларды сапалы енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар