Қорғаныс министрлігі әскерді басқару мен оқытуды цифрландыруға көшті
- авторБақытжан Бекболат
- 10 қараша, 2025
- 182
Қорғаныс министрлігінде Цифрландыру және ІТ қызметкерлері күніне орай ведомствоның басты цифрлық жобаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шара барысында әскерді басқару, шақыру, даярлау және оқыту жүйесін түбегейлі өзгертетін жаңа шешімдер көрсетілді.
Министрдің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, цифрлық трансформация — Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басым бағыттардың бірі.
– Қазіргі армия – бұл тек күш пен қуат емес, ең алдымен интеллект, – деді ол.
Көрме аймағында 16 интерактивті алаң жұмыс істеп, қатысушылар жобалардың жұмысын нақты уақыт режимінде тамашалады.
Негізгі жобалар қатарында:
«Smart әскери комиссариат» – шақыру туралы SMS-хабарлама жіберу, автоматты тіркеу және кейінге қалдыруды онлайн рәсімдеу жүйесі. Жақын уақытта медициналық тексеру де цифрлық форматқа көшіріледі.
Келісімшарт негізіндегі қызметке онлайн қабылдау – Jauynger.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Әскери-техникалық мамандықтар бойынша оқуға тіркелу мен жолдау процесі автоматтандырылған.
Sarbaz 2.0 – мерзімді әскери қызметшілердің жетістіктерін тіркеп, білім гранттарын әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Бірыңғай білім беру платформасы Askeri Ziyat – Қорғаныс министрлігіне қарасты колледждер мен жоғары оқу орындарына онлайн өтінім беру мүмкіндігін ұсынады.
ARMIA.KZ – әскери қызметке қатысты сұрақтарға жауап беретін «цифрлық кеңесші». Ол заңнамадағы өзгерістерге сай ақпаратты автоматты түрде жаңартып отырады.
«Бес қару» жобасы – жасанды интеллект арқылы әскери дайындық нәтижелерін талдап, атыс, дене және арнайы даярлық бойынша жеке ұсыныстар береді.
2025 жылдың соңына дейін кадрлық есеп жүйесіне іссапар мен демалыс билеттері, заттық аттестаттар және әскери атақ мерзімін көрсететін индикатор сияқты сегіз жаңа модуль енгізіледі.
Министрліктің мәлімдеуінше, енгізілген цифрлық шешімдер уақытты үнемдеп, бюджеттік шығындарды қысқартып, адами фактордың ықпалын азайтады.






