ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Telegram парақшасында отандық ғылым саласындағы маңызды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрдің айтуынша, министрлікке қарасты Экономика институтының базасында жарық көретін «Economy: Strategy and Practice» ғылыми журналы беделді Scopus деректер қорына енді.
"Қазақстан ғылымы тағы бір маңызды белесті бағындырды!
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Экономика институтының базасында жарық көретін «Economy: Strategy and Practice» ғылыми журналы беделді Scopus деректер қорына енді.
Бұл – еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық бағытындағы тұңғыш және әзірге жалғыз экономикалық журналы.
Журналдың Scopus жүйесіне қабылдануы – отандық экономикалық ғылымның сапалық деңгейінің өскенін және халықаралық академиялық стандарттарға сай келетінін айғақтайды.
Бұл – тек редакцияның ғана емес, бүкіл Экономика институты ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі.
«Economy: Strategy and Practice» журналы қазіргі заман экономикасының өзекті бағыттарын қамтиды:
инновациялық даму
цифрлық трансформация
аймақтық экономика
әлеуметтік саясат
және тұрақты даму стратегиялары.
Журналдың басты мақсаты – қазақстандық ғалымдардың зерттеулерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу, олардың беделін арттыру және экономика ғылымының жаңа бағыттарын дамыту.
Бұл табысқа жетуде институт ғалымдарының еңбегі зор. Редакциялық алқа мүшелері мен зерттеушілер бірнеше жыл бойы мақалалардың сапасын көтеру, рецензиялау жүйесін жетілдіру және журналдың ғылыми беделін нығайту бағытында аянбай еңбек етті.
Айрықша атап өтерлік жайт – журналдың бас редакторы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ардақ Несіпбекқызы Тұрғынбаеваның еңбегі. Ол өз кәсібилігі мен стратегиялық көзқарасының арқасында журналды халықаралық деңгейге көтеріп, Scopus индекстеу үдерісін табысты басқарды.
Бүгінде «Economy: Strategy and Practice» журналы ашық қолжетімділік (Open Access) форматында жұмыс істейді.
Бұл – отандық және шетелдік оқырмандарға ғылыми мақалаларды еркін таратуға мүмкіндік беретін, қазақстандық экономистер еңбектерін халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға жол ашатын маңызды қадам", - деп жазды Саясат Нұрбек.






