Елімізде

Сенатор жол қозғалысы ережесін бұзушыларға бақылауды күшейтуді ұсынды

Бұл тәсіл жүргізушілердің бүкіл жол бойында тәртіп сақтауына ықпал етеді.

Сенатор Марат Қожаев Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін тұрақты түрде бұзу кең таралған құбылысқа айналғанын айтып, бұл мәселе кешенді әрі қатаң шараларды қажет ететінін жеткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Депутаттың айтуынша, жуырда орын алған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары осы мәселенің өзектілігін тағы да айқындай түскен. Оның пікірінше, кейбір жүргізушілер әкімшілік айыппұлдарды елеулі жаза ретінде қабылдамайды.

Осыған байланысты Марат Қожаев жолдағы жылдамдықты бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін көтерді. Оның айтуынша, тек бір нүктеде орнатылған камералар жеткілікті нәтиже бермейді, өйткені жүргізушілер тек сол жерден өткенде ғана жылдамдықты азайтады.

Сондықтан сенатор елді мекендерде орташа жылдамдықты бақылау тетігін енгізуді ұсынды. Бұл тәсіл жүргізушілердің бүкіл жол бойында тәртіп сақтауына ықпал етеді.

Сонымен қатар ол жазалау шараларымен қатар, заңға бағынатын жүргізушілерді ынталандыру жүйесін дамыту маңызды екенін атап өтті. Атап айтқанда, тәртіп бұзбайтын азаматтарға сақтандыру құнын төмендету, түрлі сервистік қызметтерге жеңілдіктер беру секілді тетіктер қарастырылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, сенатор жол ережесін үнемі бұзатын жүргізушілерге қатысты қауіп деңгейіне қарай сараланған жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін де ұсынды.