Елімізде

Соңғы бес жылда елде ажырасу саны 16%-ға азайған

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда Қазақстанда ажырасу деңгейі 16 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

2020 жылы елде 48,2 мың ажырасу дерегі тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,5 мыңға дейін азайған.

2020 жылы алғаш рет «Қазақстандық отбасылар — 2020» атты Ұлттық есеп жарық көріп, онда ажырасу себептері, отбасы институтының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен туу көрсеткіштеріне қатысты талдау жасалды.

2023 жылы әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды қолдауға бағытталған Әлеуметтік кодекс қабылданды. Құжатта көпбалалы және табысы төмен отбасыларға арналған нақты әлеуметтік көмек шаралары, сондай-ақ ана мен баланың құқықтарын қорғау тетіктері айқындалған.

Мемлекет әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізді. Соның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық жауапкершілікке жатқызылып, кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық түріне қатаң жаза белгіленді.

Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту және балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді шаралар қабылданды.