Елімізде

Ұстаздар үшін жағымды жаңалық жарияланды

Бұл келісім шеңберінде еліміздегі педагогтер ChatGPT-дің білім беру ұйымдарына арналған арнайы нұсқасы – ChatGPT Edu платформасын пайдалана алады.

АҚШ-тың Вашингтон қаласында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, Freedom Holding Corporation және OpenAI, Incorporated бірлесіп, білім беру мен цифрлық дағдыларды жетілдіру бағытында жасанды интеллектті қолдануды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл келісім шеңберінде еліміздегі педагогтер ChatGPT-дің білім беру ұйымдарына арналған арнайы нұсқасы – ChatGPT Edu платформасын пайдалана алады.

Хабарламада көрсетілгендей, платформа OpenAI-дың соңғы жасанды интеллект модельдеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жүйе деректердің қауіпсіздігі мен құпиялығын жоғары деңгейде сақтап, әкімшілік бақылауды жеңілдетеді. ChatGPT Edu платформасында деректерді талдау, құжаттарды қысқаша мазмұндау және жеке GPT-ассистенттер жасау секілді функциялар бар, бұл мұғалімдердің уақытын үнемдеуге және әкімшілік-әдістемелік жұмыстарын оңайлатуға мүмкіндік береді.

Меморандумға сәйкес, педагогтерге келесі үш жыл ішінде жыл сайын кемінде 165 000 OpenAI лицензиясы беріледі.

«Бүкіл әлемдегі ұстаздар әкімшілік жүктемені азайтып, уақытын оқыту мен оқушылардың дамуына арнауы үшін жасанды интеллектіні қолданып келеді. Тиісті қолдау көрсетілсе, мұғалімдер мен оқытушылар бұл құралдарды тиімді игеріп, білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалана алады. Қазақстан Үкіметімен жасалған келісім жергілікті педагогтерге ChatGPT-ні қолдануға және ЖИ-дің артықшылықтарын білім беру жүйесіне енгізуге жағдай жасайды», - дейді OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар бойынша жетекшісі Кевин Миллс.

Бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформация және адами капиталды дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясымен үндесіп, педагогтерге озық технологияларға қол жеткізуге жол ашады. 

Сонымен қатар, келісім инновациялық ойлау, сыни тұрғыдан талдау және креативті дағдыларды дамытуға, сондай-ақ ұстаздардың цифрлық қабілеттерін арттыруға септігін тигізеді.