жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Су инфрақұрылымын жаңғырту: 2026 жылы 103 каналға реконструкция жасалады

Су инфрақұрылымын жаңғырту: 2026 жылы 103 каналға реконструкция жасалады
Pixabay.com
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру барысы жөнінде баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Министрлік Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеуді қолға алды. Жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Қаржыландыру Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қоры ұсынған грант есебінен жүргізіліп жатыр.

Жүйеде жерүсті және жерасты суына, гидротехникалық құрылысжайлар мен өзге де су шаруашылығы нысандарына қатысты деректер цифрландырылады. Ал алдағы уақытта жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг деректерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл елдің су балансын айқындауға, халық пен экономиканың нақты қажеттіліктерін анықтауға, сондай-ақ су ресурстарын пайдалануды талдап, бақылауға мүмкіндік береді.

«Жүйенің негізгі мақсаттарының бірі – су ресурстарын басқару процестерін цифрландыру және оңтайландыру, су нысандарының жай-күйін онлайн режимде бақылау, ресурстарды қысқа және ұзақ мерзімді болашаққа болжау және талдау, сондай-ақ мемлекеттік деректер базаларымен біріктіру. Жүйе енгізілген соң бірыңғай цифрлық платформа құрылып, мемлекеттік жүйелермен интеграциялау арқылы деректердің қайталануы жойылады, су ресурстарын пайдалану ашықтығы мен тиімділігі артады және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтіледі», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен өзен бассейндерін модельдеуге, су қоймаларын басқаруға және әртүрлі климаттық әрі су шаруашылығы жағдайында ағынды болжауға арналған заманауи TALSIM-NG гидрологиялық моделі енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Есіл, Нұра, Жайық және Сырдария өзендерінің бассейндері бойынша модельдеу аяқталды.

Сонымен қатар суармалы су жеткізуге өтінім беру, келісімшарт жасау және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған биллинг жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе арқылы «Қазсушар» РМК шаруалармен электронды келісімшарттар жасасып, ал диқандар банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлем жасай алады.

2026 жылдан бастап 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру басталады. Бұдан бөлек, 264 каналға қатысты жобалау-сметалық құжат дайындалып жатыр. Жұмыстар 2028 жылға дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл 2030 жылға қарай су инфрақұрылымы объектілерінің кемінде 40%-ын цифрлық технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар