Түркістан облысында егіс науқаны басталды
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Түркістан облысына қарасты оңтүстік аудандарда көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазірдің өзінде жоспарланған 18,2 мың гектар жердің 7 мың гектарына ерте пісетін көкөністер мен картоп егілген.
Жалпы, биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 8 мың гектарға ұлғайып, 919 мың гектарды құрады. Оның ішінде 536 мың гектар – жаздық дақылдарға, 208 мың гектар – күздік егіске, 175 мың гектар – көпжылдық шөптерге, оның ішінде жоңышқаға тиесілі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл егіс құрылымын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында мақта алқабы 17 мың гектарға ұлғайтылып, 162 мың гектарға жеткен.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 8,4 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданып, 7,2 млрд теңге көлемінде 321 жоба қаржыландырылды. Қосымша 15 млрд теңгеге өтінімдер қаралуда.
Науқанға 37,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында былтыр 1 872 техника сатып алынып, техникалық парктің жаңару деңгейі 9,2 пайызға жетті. Биыл тағы 2 029 техника сатып алу көзделген.