жұма, 5 желтоқсан, 2025 14:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын субсидиялауға 90 млрд теңге бөлінеді

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын субсидиялауға 90 млрд теңге бөлінеді
Су ресурстары және ирригация министрлігі
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2026-2028 жылдары Түркістан облысында ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында шамамен 90 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісай және Мақтаарал аудандарының шаруаларымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда министрлікке берілген жаңа функциялар аясында 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер қалыптастырылып жатыр. Сол арқылы су үнемдеу технологияларын енгізу мен суармалы су беру қызметтерін инвестициялық субсидиялау көзделуде.

Өткен жылы министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу, орнату және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттырған. Сондай-ақ сараланған субсидия енгізіліп, заманауи су үнемдеу жүйелері қолданылған жағдайда қолдау мөлшері 85%-ға дейін өседі.

«Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы Қазақстанның оңтүстігінде күрделі жағдай туғызды. Алайда жедел қабылданған шаралардың арқасында ахуалды тұрақтандырып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ете алдық. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, оңтүстік облыстардағы су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізді, суармалы суды әділ бөлуге бақылау жасады, кезекшілік кестелерін бекітті, заңсыз су алуға қатысты тексерістер жүргізді және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Болашақта мұндай қиындықтарға жол бермеу үшін су үнемдеу технологияларына белсендірек көшу қажет», – деді министр Нұржігітов.

Кездесуде шаруалар егістіктерді тұрақты сумен қамтамасыз еткені үшін министрлікке алғыс білдірді. Бұған қоса, Нұржан Нұржігітов «Достық» мемлекетаралық каналының жұмысымен және ондағы жағдаймен танысты.

Айта кетейік, өңірде қосымша су көздерін тарту мақсатында Сауран ауданында 72 тік дренажды ұңғыма пайдалануға берілген, ал Ордабасы ауданында 17 ұңғыма жөндеуден өткен. Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы каналдарда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп, су деңгейін арттыруға күш салған.

Биыл Түркістандықтар егістік алқаптарын суаруға шамамен 3,3 млрд текше метр су алынған. «Қазсушар» филиалы шаруа қожалықтарымен 297 мың гектар жерді суаруға 9 724 келісімшарт жасаған, оның 133,7 мың гектары мақта дақылына тиесілі. Қазіргі таңда мақта алқаптарын суару толық аяқталған. Ал 10 қыркүйекке дейін күріш алқаптарын суару да толық аяқталмақ.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар