Түркістан облысында қуаты 1 мың мегаваттық электр станциясы салынуда
- авторБақытжан Бекболат
- 4 тамыз, 2025
- 472
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов өңірге жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды энергетикалық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кентау ЖЭО-5: Қазандықтар жаңартылып жатыр
Кентау қаласындағы ЖЭО-5 нысанында жылу беру жүйесін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
№6 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
№5 қазандықтағы жөндеу жалғасуда.
Түтін мұржаларының монтажы толық аяқталған.
Алдағы уақытта екі турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жөндеу жұмыстары кәсіпорын басшылығымен бірге талқыланып, барлық технологиялық процестердің уақтылы әрі сапалы орындалуы назарға алынды.
Түркістанда қуаты 1000 МВт болатын электр станциясы салынуда
Вице-министр «ПГУ Туркестан» ЖШС жүзеге асырып жатқан электр станциясының құрылыс алаңында болып, жобамен танысты.
Жоба заманауи бу-газ технологиясына негізделген және маневрлік режимде жұмыс істеуге қабілетті.
Құрылыс алаңдары мен қойма инфрақұрылымының дайындығы тексерілді.
Шетелден әкелінетін жоғары технологиялық жабдықтардың жеткізілуі мен қабылдануы арнайы бақылауға алынған.
Бұл станция іске қосылған жағдайда өңірдің энергияға деген сұранысын жабуға зор үлес қосатыны анық.
Шымкенттегі «3-Энергоорталық» нысанында тәуекелдер сарапталды
Шымкент қаласында орналасқан «3-Энергоорталық» АҚ нысанында да дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Негізгі жабдықтардың жөнделу сапасы тексерілді.
Генерациялау қуаттары мен жылу жабдықтарына байланысты туындауы мүмкін тәуекелдер ерекше назарға алынды.
Сонымен қатар технологиялық тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де қаралды.
Энергетикалық қауіпсіздік – басты назарда
Бұл сапар ҚР Энергетика министрлігінің алдағы жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болды. Ведомствоаралық бақылау мен өңірлік мониторинг – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып отыр.






