Тарақан шықты: Талдықорғандағы балабақшаға қатысты дау
Видеода балаларға берілген ас мәзірінде бәліш пен өзге де тағамдардың арасында тарақандар жүргені анық көрінеді.
Әлеуметтік желілерде Талдықорғандағы бір балабақшада түсірілген бейнежазба тарап, қоғамның наразылығын тудырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Видеода балаларға берілген ас мәзірінде бәліш пен өзге де тағамдардың арасында тарақандар жүргені анық көрінеді. Оқиғаға байланысты Талдықорған қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, аталған балабақшаға жоспардан тыс тексеріс тіркеліп, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінде рәсімделген. Қорытынды бойынша кінәлілерге заң аясында шара қолданылатыны айтылды.
Ал желі қолданушылары бұл жағдайға ашу-ызасын білдіріп, түрлі пікірлер қалдырды:
«Сұмдық, мұндай балабақшаларды күтпеген жерден тексеру керек»;
«Құдай сақтасын, немерелерім де балабақшаға барады, қорқып кеттім»;
«Құрт, тарақан – адам сенгісіз жағдай. Бәрін тексеру керек»;
«Сұмдық қой, иттерімнің өзі мұндай тамақ жемейді».