Тоқаевтың тапсырмасымен барлық мемлекеттік органдар отандық Aitu мессенджеріне көшеді
- авторБақытжан Бекболат
- 12 тамыз, 2025
- 526
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы талқыланған жиын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Басты міндеттердің бірі – жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізу. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, өндіріс процестеріне ІІ технологияларын енгізу бойынша жол картасын әзірлемек.
Денсаулық сақтау саласында ІІ-ді неғұрлым дәл диагноз қоюға, емді жеке бейімдеуге және дәрігерлерді күнделікті қайталанатын жұмыстардан босатуға пайдалану жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Президенттің деректердің сыртқа кету қаупін болдырмау үшін отандық мессенджерге көшу туралы ұсынысы да қаралды.
«Мемлекет басшысы ЖИ технологияларын барлық салаға енгізудің өзекті мәселелеріне баса назар аударып отыр. Бұл мәселелер жылдам әрі өзара тығыз әрекет ете отырып шешу қажет. Мұндағы мәселе тек ЖИ жұмысының құқықтық негізін жетілдірумен шектелмейді, одан бөлек деректердің шашыраңқылығы, суперкомпьютердің қуатын бөлу бойынша нақты регламенттің болмауы, киберқауіпсіздік, QazTech платформасына толық көшу сынды мәселелер шешімін табу керек. Бұл міндеттердің барлығы еліміздің цифрлық трансформациясы үшін стратегиялық маңызға ие, сондықтан да көзге көрінетін экономикалық нәтижемен осы жылдың желтоқсан айына дейін орындалуы тиіс», – деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет жақын арада нақты іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны жүзеге асыруды жеделдетпек.






