Жарты миллион қолданушы және жаңа AI-ассистент: цифрландыру газ қызметін қалай өзгертуде
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:45
- 67
Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялау аясында газ саласында цифрландыру саясатын іске асыруда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Өткен жылы QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшаны іске қосып, тұтынушыларға газ есептегіш көрсеткіштерін ыңғайлы түрде жіберу мүмкіндігін ұсынды. Қосымшаның негізгі функциясы — есептегіш көрсеткіштерін фото арқылы автоматты түрде тану, деректердегі қателер мен ауытқуларды тексеру. Сонымен қатар, пайдаланушылар тұтыну және төлемдер тарихын көре алады, есептегіштерді тексеру мерзімі мен жоспарлы жұмыстар туралы хабарламалар алады.
Қазіргі таңда қосымшада виртуалды AI-кеңесші жабық тестілеуден өтіп жатыр. Жасанды интеллект негізіндегі жаңа цифрлық көмекші табиғи газ тұтынушылардың сұрақтарына тәулік бойы жауап беретін болады.
Бүгінде компанияның колл-орталығы тек жұмыс уақытында қызмет көрсетеді. Ал «көгілдір отынды» пайдалану бойынша сұрақтар кез келген уақытта, соның ішінде демалыс және мереке күндері де туындауы мүмкін. AI-кеңесші 24/7 режімінде жедел қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Сервис түрлі LLM-модельдерінде сынақтан өтіп, ең тиімді әрі дәл шешімді таңдау үстінде. Ақпараттың сапасы мен өзектілігіне ерекше назар аударылуда.
Виртуалды көмекші тарифтер, салалық нормативтік-құқықтық актілер мен ережелер, қажетті құжаттар тізімі, газға қосылу тәртібі және басқа да сұрақтар бойынша толық әрі жаңартылған деректер ұсынады. Бұл пайдаланушыларға қажетті кеңесті тез әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік береді.
AI-кеңесшінің функционалы газбен жабдықтау тақырыбымен шектеледі. Білім базасы тұрақты жаңартылып, сервис одан әрі жетілдірілетін болады.
Қосымшаны бүгінде жарты миллионнан астам адам жүктеп алды, оның көмегімен 200 мыңнан астам есептегіш көрсеткіші берілген.




