Жел, тұман: Еліміздің бірнеше өңірінде дауылды ескерту жарияланды
25 наурызда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы сақталып, қауіпті метеорологиялық құбылыстар күтіледі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, ел аумағында күшті жел, тұман, шаңды дауыл және жауын-шашын байқалады.
Ең күрделі жағдай Жетісу облысы аумағында тіркелмек. Алакөл көлдері ауданында солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар өңірдің солтүстігі мен таулы аймақтарында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Жамбыл облысы аумағында да ауа райы тұрақсыз болады. Таулы аудандарда тұман күтіліп, желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін жетіп, екпіні 23–28 м/с болуы ықтимал. Тараз қаласында да тұман түсіп, күндіз жел күшейеді.
Оңтүстікте, Түркістан облысы аумағында шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында да жел күшейеді.
Ал Қызылорда облысы аумағында күндіз шаңды дауыл болжанып отыр. Қызылорда қаласында желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Батыс өңірлерде де жағдай күрделі. Атырау облысы мен Маңғыстау облысы аумақтарында жаңбыр, найзағай, тұман және кей жерлерде шаңды дауыл күтіледі. Ақтау мен Атырау қалаларында тұман мен жауын-шашын болады.
Солтүстік және орталық аймақтарда негізінен тұман мен көктайғақ тіркеледі. Астана қаласында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Қарағанды облысы және Шығыс Қазақстан облысы өңірлерінде де түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.