Жетісуда қауіпті медициналық қалдықтарды заңсыз кәдеге жаратқандар анықталды
- авторБақытжан Бекболат
- 18 қыркүйек, 2025
- 334
Жетісу облысында медициналық қалдықтарды жою кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 100-бабына сәйкес, G класындағы медициналық қалдықтар токсикологиялық тұрғыдан аса қауіпті болып саналады және олардың зияндылық деңгейі өнеркәсіптік қалдықтармен тең. Мұндай қалдықтарды дұрыс жоймау тұрғындардың денсаулығына да, қоршаған ортаға да қатер төндіреді. Сондықтан оларды кәдеге жарату жұмыстары Экологиялық кодекстің 336-бабына сәйкес міндетті түрде лицензия негізінде жүргізілуі тиіс.
Алайда тексеріс барысында лицензиясы жоқ мердігерлерге қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру және жоюға тапсырыс беру деректері анықталды. Барлығы сегіз заңсыз келісімшарт рәсімделген.
Табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау шаралары нәтижесінде жауапсыз мердігерлерге 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, тапсырыс беруші мекемелердің сегіз жауапты қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.






