Қоғам

Абай облысының полиция қызметкерлері кішкентай Аделяның арманын орындады

Абай облысының полиция департаментіне ерекше хат келіп түсті. Оны жазған – үшінші сыныпта оқитын 8 жастағы Аделя есімді қыз. Бұл туралы Polisia.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Ол хатында полицей болуды армандайтынын, олардың қызметіне қызығатынын айтып, өз сезімдерімен бөліскен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жас жеткіншектің жүрегінен шыққан шынайы сөздері полиция қызметкерлерін бейжай қалдырмады. Олар Аделяға ұмытылмас күн ұйымдастырып, Полиция департаментінің жүрегі саналатын Жедел басқару орталығына экскурсия жасатты.

Аделя сол күні бейнебақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, «102» арнасына келіп түсетін қоңыраулар қалай қабылданатынын және оқиға орнына нарядтар қалай жіберілетінін өз көзімен көрді. Оған учаскелік полицейдің, тергеушінің және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың жұмысы да таныстырылды.

Кішкентай қонақ сапар соңында полиция логотипі бейнеленген блокнот пен жарқын әсерлерге толы естеліктерге ие болды. Ең бастысы – ол болашақта полицей боламын деген арманына сеніммен қарай бастады.