Қазақстандағы амнистия: сотталғандардың алғашқы легі бостандыққа шықты
Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді
Қостанай облысында амнистияға іліккен алғашқы азаматтар түрмеден босатылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазіргі таңда өңірдегі түзету мекемелерінде 2000-ға жуық адам жазасын өтеуде. Солардың ішінен 300 адамға амнистия қолданылмақ. Бүгін, 2 шілдеде алғашқысы бостандыққа шықты.
Бостандыққа шыққандарға қоғамға бейімделу үшін қолдау көрсетіледі. Оларға жұмысқа орналасуға, құжаттарын қалпына келтіруге және әлеуметтік байланыстарын қайта орнатуға көмектеседі.
Айта кетейік, 23 маусым күні Президент Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай амнистия туралы заңға қол қойған болатын. Бұл құжат 15 мыңнан астам адамға қатысты болады. Соның ішінде шамамен 2000-ы түрмеден босап шықса, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады. Амнистия негізінен ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған азаматтарға, әсіресе әлеуметтік осал топтарға – баласы бар әйелдерге, қарттар мен кәмелет жасына толмағандарға қатысты қолданылады. Әр іс бойынша шешімді сот жеке тәртіппен қабылдайды.