жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстандықтар Арменияға визасыз бару мүмкіндігіне ие болды

Қазақстандықтар Арменияға визасыз бару мүмкіндігіне ие болды
istockphoto.com
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстан Парламенті Мәжілісі Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы бірқатар маңызды келісімдерді ратификациялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл құжаттар көші-қон саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, екі ел азаматтарының сапарлары мен бір-бірінің аумағында болу тәртібін жеңілдетуге бағытталған.

Көші-қон саласындағы ынтымақтастық

2024 жылғы 15 сәуірде Ереван қаласында қол қойылған Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім Мәжілісте мақұлданды.

Келісім аясында тараптар:

көші-қонға қатысты статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасады;

азаматтардың екінші ел аумағында болуы жөніндегі құқықтық мәселелерді қарастырады;

қос азаматтыққа жол бермеу және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу бағытында бірлесіп жұмыс істейді.

Қазақстан тарапынан құзырлы органдар – Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болса, Армения тарапынан – Полиция және Ішкі істер министрлігінің Көші-қон және азаматтық қызметі белгіленді.

Жеке куәлікпен сапарлау мүмкіндігі

Мәжіліс сондай-ақ Қазақстан мен Армения азаматтарының сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялады. Бұл құжатқа сәйкес, енді қазақстандықтар Арменияға жеке куәлігімен бара алады. Армения азаматтары үшін де сәйкестендіру құжаты жеткілікті болмақ.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек Ресей мен Қырғызстанға сапар жасауда ғана қарастырылған еді.

Келісім бойынша, Қазақстан мен Армения азаматтарының бір-бірінің аумағында болу мерзімі өзгеріссіз қалды. Олар мемлекеттік шекарадан өткеннен бастап 90 күнге дейін, алты ай ішінде осы мерзімнен аспай елде еркін жүре алады.

Сонымен қатар Армения азаматтарына уақытша тұруға ықтиярхат алған жағдайда (жұмыс, оқу, бизнес, отбасын құру және т.б.) Қазақстанда виза рәсімдемей-ақ болуға мүмкіндік беріледі. Бұрын бұл үшін міндетті түрде виза талап етілетін.

Қазақстан мен Армения арасындағы жаңа келісімдер азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдетіп қана қоймай, көші-қон саласында да сенімді әріптестік орнатуға жол ашады. Бұл екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар