Қоғам

Көшедегі агрессияны «Сергек» арқылы бақылау ұсынылды

Депутат бірқатар нақты ұсыныстарын алға тартты.

Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов қоғамдық этика мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның пікірінше, дөрекілік, агрессия және бейәдеп сөздердің жиілеуі ұлттық мәдениетке кері әсерін тигізіп отыр.

Мәжілісменнің айтуынша, әлемдік тәжірибеде мұндай мәселелерді шешудің тиімді жолдары бар. Мәселен, Жапонияда «Дотоку» атты моральдық тәрбие пәні мектеп бағдарламасына енгізілген. Ал Финляндияда буллинг пен агрессияның алдын алуға бағытталған арнайы бағдарламалар іске асырылып, білім беру жүйесінде қауіпсіз әрі этикалық орта қалыптастыруға басымдық беріледі.

Осыған байланысты депутат бірқатар нақты ұсыныстарын алға тартты. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіп бұзушылықтарды жедел анықтау үшін «Сергек» бейнебақылау жүйесін агрессивті мінез-құлықты анықтайтын алгоритмдермен толықтыру қажет деп санайды. Сондай-ақ өңірлердегі сөйлеу мәдениеті мен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін тәуелсіз зерттеулер арқылы бағалап, арнайы «қоғамдық мәдениет индексін» енгізуді ұсынды. Бұл көрсеткіштер әкімдердің жұмысына да ықпал етуі тиіс.

Бұдан бөлек, білім беру жүйесіне сөйлеу мәдениеті мен әдеп нормаларын қамтитын модульдер енгізіп, Абай Құнанбайұлы қағидаттарын оқу процесіне кіріктіру ұсынылды. Сонымен қатар «Таза ниет – Таза сөз» атты жаңа бағытты жалпыұлттық бастама аясында іске қосу, сондай-ақ қоғамға үлгі боларлық тұлғаларды насихаттайтын контентті мемлекеттік қолдау қажеттігі айтылды.

Депутаттың тағы бір ұсынысы – сөйлеу мәдениеті мен ұлттық әдебиетті дәріптейтін блогерлер мен инфлюенсерлерге арнайы гранттар бөлу мүмкіндігін қарастыру.