Кемі алты баласы бар отбасылар ғана жәрдемақы алады деген ақпарат шындыққа жанаспайды – министрлік
Әлеуметтік желіде тараған “алты баласы жоқтарға жәрдемақы берілмейді” деген хабар расталмады
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде алты баласы жоқ көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу тоқтатылады деген ақпарат тараған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көпбалалы отбасы деп төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы немесе күндізгі бөлімде оқитын, 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар танылады.
Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты:
4 бала – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге,
5 бала – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге,
6 бала – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге,
7 бала – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге,
8 және одан көп бала – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңгеден төленеді.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жалған мәлімет таратудың заңмен қудаланатынын еске салды.