Мереке күндері ауа райы қандай болады?
7–9 мамыр аралығында еліміздің батыс өңірлерінде нөсерлі жаңбыр күтіледі.
Мереке күндері Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні күшеюі мүмкін.
7–9 мамыр аралығында еліміздің батыс өңірлерінде нөсерлі жаңбыр күтіледі. Ал 8–9 мамыр күндері солтүстік аймақтарда да қатты жауын-шашын болжанып отыр. Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға кеңес береді.
Оңтүстік өңірлерде күн ыстық болады. Ауа температурасының жоғарылауына байланысты кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Ал шығыс аймақтарда жауын-шашын негізінен 9 мамырдан бастап күтіледі.
Температура көрсеткіштеріне келсек, батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы +18…+28 градус шамасында болады. Солтүстік аймақтарда сынап бағаны сәл төмендеп, +18…+23 градусқа дейін жетеді. Орталықта +20…+28 градус жылы болса, оңтүстік және оңтүстік-шығыста +28…+33 градусқа дейін ыстық сақталады. Шығыс өңірлерде ауа температурасы +25…+30 градус аралығында болады.