Тұман, аяз, көктайғақ: Желтоқсанда ауа райы қандай болады
- авторБақытжан Бекболат
- 3 желтоқсан, 2025
- 1.1k
Алдын ала консультативтік деректерге сүйенсек, еліміздің көп бөлігінде айлық орташа температура климаттық норма деңгейінде сақталады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Батыс өңірлерде ауа райы сәл жылырақ болып, нормаға қарағанда 1–2°С жоғары болады деп күтіледі. Ал солтүстік-шығыс пен шығыс аймақтарда керісінше, орташа температура нормадан шамамен 1°С төмен болады.
"Қазгидромет" мәліметінше, желтоқсанның алғашқы онкүндігінде циклондар мен фронттардың өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады. Батыс, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда қар жауып, оңтүстік пен оңтүстік-батыста жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Таулы және тауға жақын аудандарда қалың қар түсуі ықтимал. Сонымен қатар ел аумағында тұман, көктайғақ және бұрқасын жиі байқалады.
Айдың басында тәуліктің негізгі температуралық көрсеткіштері төмендегіше болжанып отыр:
Батыс пен Ұлытау өңірінде: 0…+8°С;
Солтүстік және орталықта: -3…+2°С;
Шығыста: 0…-8°С;
Оңтүстік аймақтарда: +5…+13°С.
Алайда онкүндіктің соңына қарай Арктикадан келетін суық ауа массалары әсерін күшейтіп, ел бойынша температура айтарлықтай төмендейді:
Батыста: түнде -5…-10°С, күндіз -3…-8°С;
Солтүстік, орталық және шығыста: түнде -10…-18°С, кейбір шығыс аудандарында -23°С-қа дейін; күндіз -5…-13°С;
Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста: түнде -5…+2°С, күндіз +3…+10°С.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде түнгі температура -15…-20°С пен -5…-10°С аралығында құбылады. Күндіз ауа температурасы әлсіз оң көрсеткіштерден (-3…+2°С) -5…-10°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Шығыс өңірлерде кей күндері аяздың күшеюі – түнде -25…-35°С, күндіз -15…-20°С – ықтимал. Батыс және оңтүстік өңірлерде түнгі температура 0…-5°С-тен -7…-12°С-қа дейін өзгерсе, күндіз ауа 0…+8°С шамасында болады.
Жалпы алғанда, желтоқсан айында ауа райы құбылмалы болады: қарлы күндер ашық әрі аязды мезеттермен алмасып отырады. Кей жерлерде күшейген жел, бұрқасын, тұман және көктайғақ байқалуы мүмкін – бұл ай үшін қалыпты құбылыс.
Ұқсас жаңалықтар
Әлеуметтік желідегі агрессия: кибербуллингтен қалай сақтануға болады
- авторБақытжан Бекболат
- 27 қараша, 2025






