Қоғам

«Жаназа – 100 мың теңге»: Діни басқарма ресми жауап берді

Сарысу ауданында жаназа намазын оқу үшін ақша сұралады деген мәлімет шындыққа жанаспайды.

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Аталған ақпаратты алғаш болып айтыскер Алик Бекмусаев Threads желісіндегі парақшасында бөлісіп, “жоғарыдан келген бұйрық” деп жазған. Бұл жазба әлеуметтік желілерде тез таралып, қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Алайда ҚМДБ өкілдері бұл мәлімдемені жоққа шығарып, жаназа рәсімінің ақысыз түрде орындалатынын нақтылады.

Сарысу ауданының бас имамы да бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, айтыскермен байланыс орнатуға тырысқанын, алайда оның тарапынан нақты дәлел ұсынылмағанын айтты.

Сонымен қатар, діни басқарма жалған ақпараттың қоғамда сенімге сызат түсіретінін және негізсіз алаңдаушылық тудыратындығын ескертті.

ҚМДБ азаматтарды кез келген діни мәселе туындаған жағдайда тікелей мешіттерге немесе ресми уәкілетті органдарға жүгінуге шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін де мүфтият халықты жалған дін атын жамылған алаяқтардан сақ болуға үндеген болатын.